Сезім таразысы
Сезім таразысы
                                                      
     Сіз қандай таразыларды білесіз? Мен сізге екі түрін мысалға келтірейін. Әсілі, зілдей ауыр салмақты өлшейтін көлемді таразылар бар. Тонналаған темір-тесекті таразылап үйренген олар, ұсақ-түйек жеңіл заттардың ауырлығын сезе бермейді. Тіпті,  қолыңыздағы қол сағатыңызды таразыласаңыз да міз бақпай өзгеріссіз қалады. Ал енді алтындай асыл бұйымдарды  өлшейтін сезімтал таразылар бар. Тарыдай салмақтың ауырлығын айқындап, тіпті түсіп кеткен бір тал шашыңыздың өлшемін айтып береді.
     Диірменнің тасындай шыр айналған өмірде ауыр салмақты өлшейтін таразыдай  өзінің анау-мынау айтқан сөзінің ауырлығын аңғара бермейтін бейқам жандар да бар. Біреудің көңіліне қарамай былш еткізіп  айта салып, артынан: "Қап! бекер айттым, ренжіп қалды-ау!" деп қапалану да жоқ. Әйтеуір, өзінің ойын дұрыс санап,  өзгенің ой-толғанысына мән бере  бермейді. Базы біреулері көпшілік жиналған орындарда, өзіне жараспайтын орынсыз сөз сөйлеп, артынан артық айтқанын аңғарып, іштей өкініп, уайым етсе жақсы ғой. Кейбіреулерінде ол да жоқ. Ғапылдықта жүріп осындай қателігін он қайталайды.
     Ал енді сезімтал таразыдай, жанындағылардың жүзінен титтей мұң мен күйінішті сезе қоятын,  олардың көңілі жадырамайынша жүрегі жай таппайтын тұлғаларда баршылық. Біреуге айтқан қарапайым сөзінің өзінде: "Артық айтып қоймадым ба екен? Көңіліне келіп қалмады ма?" деп, бауыры үшін уайымдап, шаңның тозаңындай зиян тигізбеуге тырысады.
      Адамның аңғарымпаз, сезімтал болуына септігін тигізетін нәрселердің бірі кітап оқу. Өзге елдің тұнып тұрған ақыл кеңестері мен ғылым-білімінен гөрі қазақ әдебиетін оқу сезім таразысын сезімтал етеді. Өйткені  қазақ әдебиетінде тәрбие де, білім де, үгіт-насихат та, ғибратты әңгімелер мен  сын айту да бар.  
     Айналып төңкерілген мына ғасырда өзгенің астарлап айтқан әрбір сөзін айқын түсінгенімізбен әке-шеше, ағайын-бауырдың жай күйін, қайғы-мұңын аңғара бермейміз. Басқаның көңіліне қарап сөйлейміз де, бауырымыздың кемшілігін сабырсыздана бетіне  басамыз. Достарымыздың  түсінбегенін бір-неше рет баппен түсіндіреміз де, ата-анамыздың естімей қалған бір сөзін қатулана, ренжи қайталап айтамыз. Әкеміздің әңгімесі мен ақыл кеңесін тыңдағаннан гөрі әріптестердің әзілін әсерлене тыңдаймыз. Дос-жарандарымыздың сезім таразысының сезімталдығына қарай бөліп жарамыз, ал өзге болса, алдап, айламызды асыруға дайын тұрамыз. 
     Сезім таразымыздың сезімтал болғаны жақсы, алайда әділ таразыласа - мұсылманшылық, адамгершілік.
 
 
Тілектес СабырбекТілектес Сабырбек
13 күн бұрын 610
1 пікір
Блог туралы